«Ардагерлер- даналық пен даңқтың үлгісі»

2023 жылдың 17 қарашасында «№3 ЖОББМ» КММ-де «Ардагерлер- даналық пен даңқтың үлгісі» тақырыбында ардагер ұстаздарға арналған кездесу кеші өткізілді. Кеш «Тұрыңыздар, келе жатыр мұғалім!»атты ақын.У.Уайдиннің әдемі өлеңімен ашылды.Оқушылардың мың бұралған билері мен домбыра оркестрінің орындаған күйлері кеш ажарын аша түсті. Ер балалар хоры Мектеп әнұранын орындағаннан кейін алғашқы сөз кезегі мектеп директоры Айғаным Қорабайқызына берілді. Ол бар саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, руханияттың шын жанашыры бола білген ардагер ұстаздарды ҚР-ның Оқу-ағарту министрінің Алғыс хатымен марапаттап, сыйлықтар табыс етті.Еткен еңбек,төккен тердің қашанда лайықты бағасын алатынын бүгінгі алып жатқан марапаттан көрінетіндігін айтты. Ардагер ұстаздар мен жас мамандардың қатысуымен өткен кеш барысында жас ұстаздар білім ордасының қазіргі тынысы мен жаңалықтары туралы баяндап, мектептегі заманауи жаңа құрал-жабдықтардың жұмысымен таныстырды. Жас маман мен ардагерлер арасында көңілге қонымды диалог жүріп, аға буын өкілдері өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Кеш барысында ардагерлер жас мамандармен бірлесе отырып, арнайы дайындалған тапсырмаларды орындады. Кеш соңында ардагерлеріміз жас мамандарға батасын беріп, бүгінгі тағылымы мол кешті ұйымдастырған мектеп ұжымына зор ризашылықтарын білдірді. Тірек мектебі болумен қатар «Ұлттық мектеп» жобасымен жұмыс жасап жатқан ұстаздардың еңбегіне зор шығармашылық табыстар тіледі. Кеш соңында ардагер ұстаздар «Қазақстан халқына» ұлттық қорының қолдауымен жаңа заманауи құралдармен жабдықталған мектеп ғимаратын аралады,мектеп радио торабының тілшілеріне сұхбат берді. Кештің тәрбиелік мәні зор болды.
Ардагер ұстаздар мен жас мамандардың етене араласып жұмыс істеуіне, тәжірибе алмасуына септігін тигізетін осындай кештер алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.